АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ РУХАНИ ӨНЕГЕЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушы,
PhD, Мұқан Нұрзат
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және
саясаттану факультеті, исламтану
мамандығының 1-курс магистранты
Жеңімпаз Ерлан
Қазақ халқының адамгершілік мүмкіндіктерінің көзі ұлттық мораль десек, оның таусылмас потенциалы болатын қазыналары ақындық өнердегі идеялар мен сындарлы көзқарастарда деп айтуға болады. Ақындық шығармашылықтан бақыт пен бақытсыздықтың, талап пен еріншектіктің, ақылдылық пен ашудың ара-салмағын өлшеу тәсілдерін көреміз. Бұл оң мен терістің, бұрыс пен дұрыстың, жаман мен жақсының ара-жігін ажырата білу үлгісі, оң мен солды тану үлгісі деп айтуға болады.
Ақыт Үлімжіұлы - ХІХ ғасырдың соңында ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, Алтай, Қобда қазақтарына ғұлама діндарлығымен танымал болған, артына өзінің шығармалары арқылы өшпестей із қалдырған көрнекті ақын. Ол (1866, ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Көктоғай ауданы — 1940, Үрімші) - атақты қазақ ақыны, діни қайраткері, халық ағартушысы. Шығыс Түркістандағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында кедей отбасында дүниеге келді. Бала кезінен бастап ауыл молдасынан, одан кейін Бұқар медресесінде дәріс алып араб, парсы тілдер, сондай-ақ шариғат пен тәжуитті үйренген. 1908 жылы Алтай, Қобда аймақтары қажылар тобының аудармашы ретінде Меккеге қажыға сапар шегіп барады. 1910 ж. елге қайтып келген соң, Сарытоғай ауылында мешіт салдырып, медресе ашып мұғалім болады. 1939 жылы 24-ші желтоқсанда Шың Шы Сай үкіметі Ақыт Үлімжіұлының елді біріктіруге, халықты жергілікті отаршылдардан азат етуге, ұлттың оянып өз алдына ел болуына үгіт-насихат жасады және ұлт-азаттық қозғалысты қолдағаны үшін деген айып тағылып гоминдаң үкімет адамдары ардагер атамызды тұтқынға алып, ол кісі салдырған мешіттерді қиратады.
Рухани құндылықтардың ордасы болған Ақыттың Шәкүртідегі Ақ мешітінде қиратып, ақын Ақыттың Құран Кәрімнің арапшадан қазақшаға аударылған нұсқасы мен бүкіл қолжазбаларын, мол кітап қоры түгел өртеледі. Сөйтіп, 1940 жылы тамыз айында Үрімші түрмесінде Шың Шы Сай гоминдаң үкіметі 72-ге қараған щағында қарт ақын Ақыт Үлімжіұлын жантүршігерлік қинаумен, азаптап өлтіреді. Бұл жазалаудан кейін Ақыт отбасы қуғынға ұшырап, Ақыт Үлімжіұлы балалары оқи алмай, өте қиын кезеңді басынан кешіреді. 16 жастағы Ғазез Ақытұлы әкесі ұсталып кеткеннен кейін, ағасы Қалманнан ара-тұра «Фиқһтан» білім алады, бұл ұзаққа созылмай, 25 жастағы отбасын құрап үлгерген, балалары бар Қалманды Шың Шы Сай гоминдаң үкіметі тұтқындап, Үрімші түрмесіне қамайды. Ақыттың барлық ұлдары түгел сауатты болған екен. Сол себепті Ақыт атамыздың балалары әкесіне жабылған айыппен айыпталды [1,6 б].
1891-1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан Ақыт Қажы атамыздың “Жиһанша”, “Ахиретбаян”, “Сәйпілмүлік - Жамал” дастандары, “Абият ғақидия”, “Сейітбаттал Ғазы”, “Ишан Махмұд” аталатын кітаптары бірнеше рет жарық көрді. Оның шығармалары “Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов Алтайский” деген бүркеншік атпен “Айқап” журналына да жарияланып тұрған. Ақыт өлеңді алуан ырғақта насихат, назира, ғақлия түрінде жазған. Ой толғауда Абай мәнеріне ден қояды. Абай өлеңдерін үлгі ете отырып, “Дәлейлул-ғақылия” (“Ақыл түбі”) өлеңдер топтамасын жазып шыққан. “Адамның жасы”, “Асан ата”, “Шыңжан қаритасы”, “Керей шежіресі”, “Ер Жәнібек”, “Алтай” деп аталатын туындылары ел арасына кеңінен таралған. Ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтан бастап 30-дан астам халық ақындарының шығармалары жинастырылып, зерттеліп, ел игілігіне айналды.
Ол өз шығармаларында қазақтың ойшыл ағартушылары Абай, Ыбырай, Шоқандар секілді ғылым, білім, өнерді, әдептілікті, адамгершілікті, салтдәстүрлердің озық үлгілерін дәріптейді.
«Ақындар бізден бұрын өткен талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Солардан өткір тілді болмасам да,
Мен де аз сөз жазайын құрай-жамай»- деп ұлы Абайды ұстаз тұтып, атамекенінен алыстаған ел жұртына Абайды танытып, туған халқын елдікке, береке-бірлікке шақырады [2,18 б].
Ақыт Үлімжіұлының шығармалары жанры жағынан да әралуан: толғау, жыр, қисса, дастан, назым үлгісінде болып келеді, тақырыптық- мазмұндық ауқымы біршама кең. Оның «Смағұлдың қиссасы», «Мұхаммед-Ханафия», «Кесік қол келіншек», «Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы», «Ғали мен Дариға», «Мәликенің жүз жұмбағы» атты күрделі эпикалық діни қиссалары бар. Бұлар да жеке зеріттеуді қажет ететін шығармалар. Туындыларының дені поэзия болғандықтан, оның өлеңдерінде сол өзі өмір сүрген қоғамдық ортанның әралуан жақтары қамтылады. Ағартушылық, сыншылдық бағыттағы туындыларының негізгі, басты тақырыбы белгілі бір әлеуметтік орта, уақыт, заман талабына сай адам тұлғасы, яғни олардың түрлі мінездері, іс-әрекеті, ой-толғаныстары секілді өзекжарды мәселелермен қатар, сол адами тұлғаны қалыптастырып тәрбиелейтін немесе хайуани кейіпке түсіріп кері итеретін ішкі-сыртқы факторларды да қамтиды. Осыдан туындайтын оқу-ағарту, білім алу, діни-имандылық сияқты заманауи толғағы жеткен өзекжарды мәселелерді де көтереді. Нақтылап айтқанда алуан түрлі өмір құбылыстарын ақын өзінің жекелік көңіл-күйі, толғаныс-тебіренісі, қуаныш-мұңы, Гегельше айтқанда «ішкі әлемінің сырын» жыр жолдарымен, поэзия тілімен кестелеп отырып жеткізеді. Ақын туындыларын таным таразысына салып екшеп алғанда байқалатын негізгі мәселе – шығармаларының көркемдік-идеялық бірлігінде, көркемдік тұтастығында. Уақыт пен кеңістік ауқымындағы заман шындығын қай жағынан сараламасын ақын өз дүниетанымы мен идеялына салып таразылайды. Яғни «...имандылық, инабат, ұят-ұждан, береке-бірлік жөнінде оқырманға үлкен ғибрат беретін мүбәрак сөздермен тізілген тәспих іспетті шығармалар»[3, 3 б ].
Ақынның негізгі шығармашылық бағыты – діни ағартушылық. Оған ақын шығармалары түрлік, жанрлық, проблематикалық, мазмұн-пішіндік, көркемдік-идеялық жағынан толық сәйекеседі. Ақынның өзін сөйлетсек:
Түбін ойлар ер қайда,
Әркімнің ақылы өзінде,
Шариғат деген бір жан жоқ,
Мына заман кезінде.
Заманың тұр дүрілдеп,
Ойла халқым бұл қалай,
Шариғатпен жүретін,
Ақыл кетті жадағай.
Надан болып барамыз,
Шариғатқа жанамай.
Иман, ислам, дін,
Биғдат – Ұжмақтағы шырағың [3,6 б]. Ол заманның азып-тозуы, қоғамның әлеуметтік жағынан жіктелуі, діни сенімнің әлсіреуінен, ислам дінін жолын берік ұстамағандықтан, имандылықтың құлдырауынан деп біледі, сондықтан ислам дінінің парыз, уәжіптерін, шариғат жолын насихаттап, ислами құндылықтарды халықтың санасына сіңіріп өз өлеңдерімен үгіт жүргізеді. Соның бірі «Құмай деген бір құс бар» атты дидактикалық толғауы. Ақын қазақи мифтік дүниетанымдағы құмай құсты пернелеу арқылы Алла тағаланың құдіретті нұр-шапағатын әспеттейді:
Бақыт қонар адамға,
Саясы түссе жақындап,
Көктегі құс құмайдан.
Құмай деген бір құс бар,
Көк бетінде мекені,
Мағұлым емес адамға,
Дәл қай жерде екені,
Жылда бір жерге жақындап,
Сая салып кетеді,
Саясы түскен адамзат,
Шын дәулетке жетеді [3,8 б]. Ақынның «Көк бетінде мекені, мағұлым емес адамға, дәл қай жерде екені» деген Аллатанушылық ойы Абайдың «Халлаққам мақұлық ақылы жете алмайды» немесе «Мекен берген, халық қылған ол лә мәкән» дейтін танымымен үндеседі. Бұл тек поэтикалық үндесу емес, діни ағартушылық бағыттағы ортақ аңсар: Аллатанудағы оның жалғыздығын дәріптейтін иманның шарты: «Лә илләһа иллә аллаһу – Алладан басқа жаратушы жоқ» [4,18 б] дейтін көркем сөз, Құрани кәрімдегі: «Ләм йәлид уә ләм йуләд, уә ләм йәкун ләһу куфуан ахад – туылмаған, тумаған, оған теңдесер ешкім жоқ» (Құран кәрім, Ихлас сүресі) аятындағы таухид, яғни Алланың бірлігін ұлықтайтын жалпымұсылмандық ұстаным. Ақын осы толғауында Жаратушының адамды жаратудағы мақсаты, адамның бұ дүниелік миссиясы, ахиреттік парызы, фәни дүниедегі адамның амал-әрекеті, бақилыққа дайындық сияқты тағы басқа діни-имандылық, діни фәлсәфалық мәселелерді шариғат тұрғысында талдап түсіндіреді.
Ақыт Үлімжіұлының діни дастандары батырлықты, ерлікті, ғашықтықты, махаббатты және ғибраттық өсиеттің барлығын қатар қамтыған. Мысалы, «Сейфүлмәлік», «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы», «Ғали мен Дариға» дастандарында батырлық пен ғашықтық суреттеледі. Ал, ғибраттық діни дастандарына «Мәликенің жүз жұмбағы», «Кесік қол келіншек», «Тозақтағы қатын» т.б. жатады.
Адамгершілік сезімдер әрқашанда туа бітпейді, олар әлеуметтік қоршаған орта арқылы тәрбие нәтижесінде ғана қалыптасады. Ақытқажы Үлімжіұлы «Азаматтың жеті сыны» атты өлеңінде өнегелік моральдық сезімдері жетілген және қалыптасып болмаған адамдарды жеті типке бөліп көрсетеді. Мұнда жігіттің ақылды, сабырлы, надан, ұстамсыз, екі жүзді мінезді типтерін көрсетумен қатар олардың ортаға деген қарым- қатынас түсінігін де аса шеберлікпен суреттейді [1, 118-121б ].
Фәнидегі істеген жақсылы- жаманды, істердің, әрбір халали-харами амалдың бақилыққа өтердегі есебі бар:
Мүңкір, Нәңкүр періште,
Адамның сұрап қылмысын,
Алдың мен артың тексеріп,
Кезеніп шығар күрзісін.
Түзейді солар жабдығын,
Аюдайын ақырып,
Адамның шәргез қыңғысын,
Тәртіпке алар шақырып [3,10 б]. Оның ойынша адамның бұл өткінші дүниеге келуіндегі басты мақсаты Жаратушысын тану, Оны тану арқылы өзін тану. Әлемді, айналадағы дүниені, табиғатты, адамзаты, хайуанаттар мен махұлықатты (он сегіз мың ғаламды), яғни барлық жаратылысты жаратқан Бір Жаратушы бар екенін мойындап қана қоймай, соны таным талқысынан өткізіп барып бұл жалғандағы тіршілігінің мәнін түсінгенде ғана пенде өз мақсатына жетеді. Ол үшін әр адамның Иманы толық болу керек, Иман Аллатағаланы танудың кілті, ал имандылық – адамгершілік негізі. Ақын адамгершілік ұстанымды ислами – шариғаттың харам, халал категорияларын астастыра отырып, салыстырмалы түрде түсіндіреді. Харами амалдардың барлығы да – хайуандық әрекет, халали амалдардардың барлығы – адами әрекет деп қарайды. Сондықтан дін амалдарын толық орындап, адал өмір сүрсең Аллатағаланың нұрына (ақын пернелеуінде «Құмай құстың саясы») бөленесің дейді ақын:
Мұсылманға бұйырған,
Таза жүрек халалдық,
Таза жүрек досына,
Кім ойласын залалдық.
Құлшылық қыл ағайлар,
Періште мен адамзат,
Құлшылық үшін жаралдық.
Құлшылық керек адамға [3,11 б]. Яғни құлшылық жасау – Жаратушыны мойындау, Жаратушыны мойындай отырып Оны тануға құштарлығың артады, иманың толығады. Иманы толық- Кәміл адамның жүрегі таза болады. Ал «Мұсылманға бұйырған, таза жүрек халалдық» деп ақынның өзі айтып отырғандай бұл Жаратушының жаралғанға (адамға) көрсеткен тура жолы. Осы тура жолдың бағдаршамы халал амал, іс-әрекет, яғни Жаратушыға деген адалдық. Міне, ақынның жамағатқа үгіт-насихат ретіндегі жеткізбек уағызының мәні де осында.
Қазақ халқы адамгершілік нормалардың бірі ретінде жалпыға ортақ норма үлкенді сыйлау ғұрпын қалыптастырған. Үлкенді сыйлау бірнеше мыңдаған жылдар бойы қоғамның маңызды әлеуметтік мүдделерін шешу үшін жасаған жалпыға ортақ нормасы. Ақыт шығармашылығында қазақтың дәстүрлі қоғамындағы үлкенді сыйлау – кіші үшін әрі міндет, әрі парыз екені өте үлкен моральдық ұстаным, ерекше рухани феномен ретінде көрсетіледі. Ақын шығармашылығында бұл ұстанымдардың бұзылған тұстары сынға алынып отырған. Мысал келтірсек, бұл жайлы
Қазақтан қуат, хал кетті,
Сіз, біз десіп жүретін
Береке-бірлік заң кетті.
Үлкенді кіші сыйламай,
Жастарынан ар кетті – дегені бар.
Жалпы алғанда, Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармашылығы адамгершілік, өнегелік идеяларға толы. Ақын ислам дінінің шариғаттарын халыққа үгіттеумен ғана тоқталып қалмастан, харекеті болған жерде өнімі де болуын, яғни ислам дініндегі амалдарды сол кездегі әлеуметтік-қоғамдық жағдаймен синтездестірумен (ұштастыру) құнды саналмақ екеніне баса назар аударады. Ақын өз шығармаларында өнегелікті адамдардың мінез-құлқы, қарым- қатынастары арқылы көрсетеді. Өнегелік мәдениет ғасырлар бойы адамдардың алуан түрлі қарым-қатынастарын бейнелейтін рухани құбылыстар.
Пайдаланылған әдебиеттер: